Өзбек боксшысын ұтқан Сабыржан Аққалықов бар шындықты айтты

Сарапшы, спорт журналисі
10.04.2026, 19:44

Сабыржан Аққалықов Азия чемпионатының финалында жеңіске жеткеннен кейін өз табысының басты себебін түсіндіріп, жанкүйерлерге алғысын білдірді.

Instagram/@boxingkazakhstan

Жеңісінің сырын айтты 

Боксшының айтуынша, турнирдегі алғашқы айқас ауыр өткен. Бұған негізгі себеп ретінде жерсіну процесі мен жаңа ортаға бейімделуді атады.

"Шынымды айтсам, алғашқы жекпе-жек қиын болды. Көбірек акклиматизация мен осы жерге бейімделудің әсері тиді. Жалпы кез келген турнирдегі бірінші кездесу маған оңайға соқпайды. Неге екенін өзім де білмеймін.

Ал бүгінгі финалдық айқас жеңілірек өтті. Бұған “челнок” әдісімен жасалған жұмыс пен қазақстандық бокс мектебінің ықпалы көп болды.

Жанкүйерлерге үлкен рахмет! Алға, Қазақстан!" — деді Сабыржан Аққалықов.

Аққалықов 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында өзбекстандық Жавохир Абдурахимовпен қолғап түйістірді. Нәтижесінде қазақстандық былғары қолғап шебері төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Азия чемпионы атанды.

Қарағанды мектебінен шыққан чемпион

Сабыржан Аққалықов — Қарағанды бокс мектебінің түлегі. Ол бұған дейін де халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген. 

Оның спорттық жолындағы елеулі жетістіктердің қатарында 2021 жылы Кельце қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын медалі бар. Ал 2024 жылы Қазақстан чемпионы атанып, жастар арасындағы Азия біріншілігінде де топ жарды.

Сабыржан 2025 жылдың шілде айында Астанада World Boxing аясындағы әлем кубогында жеңімпаз болды. Ал сол жылдың желтоқсанында Дубайда (БАӘ) ұйымдастырылған IBA әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді.

Реклама
Реклама