"Олимпиада чемпионы боламын!" Төрехан Сабырханның батыл уәдесі жұртты елең еткізді

Сарапшы, спорт журналисі

Төрехан Сабырхан 2026 жылғы Азия чемпионатының финалында жеңіліс тапқаннан кейін ел алдында мәлімдеме жасап, алдағы ірі жарыстарда есесін қайтаратынын айтты.

"Олимпиада чемпионы боламын!" Төрехан Сабырханның батыл уәдесі жұртты елең еткізді
Instagram/@sabyrkhantorekhan

Қазақ еліне уәде берді

Боксшының айтуынша, бұған дейін бірнеше рет көк туды желбіретіп, әнұран шырқатқаннан кейін бірінші орыннан тыс қалу оған оңай тимеген.

"Талай рет туымызды көтеріп, әнұранымызды орындатқан соң бірінші орын алмау аздап ауыр тиді. Жекпе-жек туралы нақты не айтарымды да білмеймін. Рингте кімнің қолын көтерді, сол жеңімпаз болды.

Бірақ мұндай сәтте сағымыз сынбайды. Алла қаласа, қыркүйекте Азия ойындары өтеді. Сол жарысқа жан-жақты дайындалып, кімнің мықты екенін дәлелдейміз.

Қазақ еліне айтарым – маған шынайы жанкүйер болған баршаңызға рахмет. Сіздердің қолдауларыңызды сезіндім. Әрине, жеңісте де, жеңілісте де сын айтатындар болады.

Бұл жолы екінші орын алдым. Иә, бұл туралы жаза беріңіздер. Сіздердің жазғандарыңыз да орынды шығар. Бірақ мен ешқашан сыннан сынбаймын. Әкем мені солай тәрбиеледі: егер бір саты төмен түссең, келесі жолы екі саты жоғары көтерілуің керек.

Кейде бір саты төмендеп барып, кейін екі-үш саты жоғары секіріп шыққан дұрыс деп ойлаймын. Бұл жолы күміс жүлдегер атандым. Бокстағы ең басты меже – Олимпиада. Қазақ халқына уәде беремін: Олимпиада чемпионы боламын. ИншаАллах, алдағы Азия ойындарында есені қайтарамын. Баршаңызға рахмет!» — деді Төрехан Сабырхан.

Финалда иорданиялық боксшы басым түсті

Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақтағы құрлықтық доданың финалында иорданиялық Зейяд Ишаишке төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жол беріп, жарысты күміс медальмен аяқтады.

Осыған дейін қазақстандық боксшы ересектер арасында жеңіліп көрмеген еді. Төрехан Сабырхан – қазіргі әлем чемпионы және жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы.

Айта кетейік, бұған дейін 54 келіге дейінгі салмақта Төреханның бауыры, екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан жартылай финалда жеңіліс тауып, Азия чемпионатын қола медальмен аяқтаған.