"Өзімізге өзіміз жау болып барамыз" — Мұхит Амантаев Төреханды қорғап шықты

Сарапшы, спорт журналисі
10.04.2026, 23:08

Қазақстандық бапкер Мұхит Амантаев Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының финалында жеңіліп қалған Төрехан Сабырханға қатысты жағымсыз пікір жазған отандастарын сынға алды.

instagram/@mukhit_amantayev

Таза негатив жазылған

Бапкердің айтуынша, Төреханның финалдағы жеңілісінен кейін әлеуметтік желілерде теріс пікірлер күрт көбейген. Ол мұндай көзқарас жас боксшының сағын сындыруы мүмкін екенін ашық айтты.

"Жігіттер, бұл видеоны жайдан-жай көрсетіп отырған жоқпын. Бүгін Моңғолияда Азия чемпионаты аяқталды. Мынау — Төрехан Сабырханның финалдағы жекпе-жегі. Ол күміс жүлде алды, яғни екінші орын иеленді. Финалда Иордания боксшысына есе жіберді.

Қазір пікірлерді оқып отырмын. Не жазбаған десеңізші: “Сөнді”, “Жеңілгені дұрыс болды”, “Тәкаппарлықтың соңы осы” деген секілді сөздер қаптап жүр. Пікірлердің 95 пайызы — таза негатив", — деді Амантаев.

Төрехан әлі жас

Мұхит Амантаев Төрехан Сабырханның ерлер құрамасындағы ең жас былғары қолғап шеберлерінің бірі екенін еске салды. Оның сөзінше, жас боксшы жақында ғана жастар арасында әлем чемпионы атанып, ересектер арасында алғашқы қадамдарын жасап жүр.

"Қазаққа сырттан жау іздеудің қажеті жоқ, кейде өзіміз өзімізге қарсы болып кетеміз. Біреу биікке көтерілсе — ұнатпаймыз, сүрінсе — соған қуанып жатамыз. Бұл өте өкінішті жағдай.

Төрехан Сабырхан — ерлер құрамасындағы ең жас боксшы. Кеше ғана жастар арасында әлем чемпионы болды. Бұл — оның ересектер боксына енді ғана бейімделіп жатқан кезеңі. Осыған дейін қаншама халықаралық турнирден өтіп, бәрінде топ жарып келді. Ал бүгін Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ол жүлдесіз қалған жоқ қой, күміс медаль жеңіп алды", — деді ол.

Бапкер жанкүйерлерді жас боксшыны қолдауға үндеді

Амантаев боксшыны даттаудың орнына, оған қолдау білдіру керек екенін айтты. Оның пікірінше, дәл осындай сәтте жанкүйерлердің жылы сөзі жас боксшыға ерекше күш береді.

"Сол үшін оны қазір пікірде жерден алып, жерге салып жатырсыздар ма? Ағайын, керісінше қолдау көрсетіңіздер! Рухын көтеріңіздер! Алда әлі талай асу бар. Бұйырса, әлі талай биікті бағындырады. Ештеңе етпейді, ол әлі жас. Ең үлкен жеңістері алда.

Қазір марапаттау рәсімі өтіп жатыр. Төреханның көңіл күйі жоқ, екінші орынға ренжіп тұр. Соның өзінде жұрт “басын салып тұр”, “таяқ жеген адам сияқты” деп жазып жатыр. Мұндай сөздер не үшін керек?" — деп ашынды бапкер.

Берілме, бәрін ісіңмен дәлелдейсің

Мұхит Амантаев өз сөзінде Төрехан Сабырханға арнайы үндеу жасап, мойымауға шақырды.

"Інім, ешкімді тыңдама. Ағаң саған айтады: бәрі алда. Екінші орның құтты болсын! Саған мықты денсаулық тілеймін. Сен әлі тек әуесқой бокста емес, кәсіпқой рингте де өзіңді көрсетесің. Қазақтың туын әлі талай рет көтересің. Ең бастысы — берілме, тек алға жүр. Сен бәрін ісіңмен дәлелдейсің", — деді ол.

Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында иорданиялық Зеяд Ишаиштен жеңіліп қалды. Бұл — оның ересектер санатындағы алғашқы жеңілісі болды.

Реклама
Реклама