Қазақстан балуандары Азия чемпионатында 20 медаль жеңіп алды
Құрлықтық біріншілікке Қазақстан құрамасы U-15 және U-20 жас санатында қатысып жатыр.
Таиландтың Паттайя қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Құрлықтық біріншілікке U-15 және U-20 жас санатында қатысып жатқан Қазақстан құрамасы U-15-те ел қоржынына 20 медаль салды: 4 алтын, 5 күміс және 11 қола жүлде.
Қазақстан балуандары еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Еркін күресте Мирас Әбдікәрім чемпион атанды
Еркін күрестен Қазақстан құрамасына алтын медальді Мирас Әбдікәрім әкелді. Ол 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды.
Күміс жүлдегерлер қатарында төрт қазақстандық балуан бар:
- Бектөре Заманбек — 44 келіге дейін;
- Әмір Серік — 48 келіге дейін;
- Наиль Зейналов — 68 келіге дейін;
- Ерсұлтан Сүлеймен — 75 келіге дейін.
Қола медальді Дамир Салават, Мадияр Әбдікәрімов, Бибарыс Түзелбаев және Зелимхан Цицкиев жеңіп алды.
Грек-рим күресінде үш қазақстандық алтын алды
Грек-рим күресінде Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Бұл бағдарламада үш спортшы Азия чемпионы атанды.
Алтын медаль иегерлері:
- Роллан Ким — 48 келіге дейін;
- Даниал Қанатбай — 52 келіге дейін;
- Ералы Мұратов — 85 келіге дейін.
Сондай-ақ Айтуған Осман 57 келіге дейінгі салмақта күміс жүлде жеңіп алды.
Қола медальді Берекет Исмағұлов, Райымбек Жақсылық, Нұралы Амангелді және Руслан Бакир иеленді.
Әйелдер күресінде үш қола медаль бар
Әйелдер күресінде Қазақстан құрамасының үш өкілі қола жүлдегер атанды.
Раян Жамсапқызы 46 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке енді. Джамиля Мехдиева 50 келіге дейінгі салмақта қола медаль алды. Ал Эльнара Киримова 66 келіге дейінгі салмақта жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Айта кетейік, үркес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты 5 шілдеде мәресіне жетеді.