Елдос Сметов Қытайдағы Гран-приден кейін әлемдік рейтингте он орынға көтерілді
Париж Олимпиадасының чемпионы Қытайдың Циндао қаласындағы Гран-при турнирінен кейін IJF әлемдік рейтингінде айтарлықтай алға жылжыды.
Рейтингте жоғарылады
Дзюдодан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елдос Сметов Халықаралық дзюдо федерациясының жаңартылған рейтингінде көрсеткішін жақсартты.
Қытайда өткен Гран-при сериясындағы турнирден кейін отандасымыз бірден 10 позицияға көтеріліп, қазір өз салмақ дәрежесінде 30-орында тұр. Сметовтің еншісінде 1352 ұпай бар.
Елдос Сметов Циндаодағы Гран-при турнирінде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 5-орын алды. Ол қола медальға бір қадам жетпей тоқтады.
Бұл жарыс Сметов үшін ерекше мәнге ие болды. Себебі ол Олимпиада-2024-тегі тарихи жеңісінен кейін татамиге алғаш рет ресми турнирде шықты.
ТОП-30 қатарында тағы кімдер бар?
60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының бірнеше өкілі IJF рейтингінің үздік отыздығына кіреді.
- Талғат Орынбасар — 19-орын, 1919 ұпай, +2 позиция
- Шерзод Давлатов — 20-орын, 1863 ұпай, +3 позиция
- Аман Бақытжан — 28-орын, 1513 ұпай, −1 позиция
- Елдос Сметов — 30-орын, 1352 ұпай, +10 позиция