Асу Алмабаев Елдос Сметовтың әдісіне түсіп қалды (ВИДЕО)
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовпен бірге өткізген жаттығуынан қызықты видео жариялады.
Жаттығудағы ерекше сәт
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев Instagram парақшасында дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовпен бірлескен жаттығудан үзінді бөлісті.
Видеода UFC рейтингінде алтыншы орында тұрған Алмабаев Сметовты арт жағынан ұстап, өзіне тән күрес элементін қолданып, қарсыласын аударып түсіруге әрекет жасайды. Дегенмен тәжірибелі дзюдошы бірден жағдайды бақылауға алып, ММА файтерінің аяғын ұстап, қарсы әдіспен лақтыру жасайды.
Алмабаев бұл сәтті әзілмен қабылдап, жазбасына:
"Ұштық", — деп пікір қалдырды.
Сондай-ақ жазбасына күлкі мен ұшақ эмодзилерін қосты.
Асу Алмабаевтың UFC-дегі соңғы жекпе-жегі
Асу Алмабаев соңғы кездесуін 27 маусымда Әзербайжан астанасы Бакуде UFC Fight Night 280 турнирінде өткізді. Қазақстандық файтердің қарсыласы америкалық Чарльз Джонсон болды.
Бұл жекпе-жекте Алмабаев үшінші раундта мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ол сирек қолданылатын ауырту әдісі "Сулоев созуын" сәтті орындап, қарсыласын берілуге мәжбүр етті.
Осы әсерлі жеңістен кейін файтер "Кештің үздік өнер көрсетуі" бонусына ие болып, 100 мың доллар көлемінде сыйақы алды.