Марсель Қазақстандағы лигада титулдық жекпе-жекке шығады
Қырғызстандық ММА файтері қазақстандық Octagon лигасындағы келесі жекпе-жегіне қатысты маңызды жаңалығын айтты.
Титулдық жекпе-жекке дайындық
Марсель Нұрланбек уулу Instagram парақшасында жаттығуға қайта кіріскенін айтып, Octagon торына жақын арада оралатынын жеткізді.
"Ассалаумағалейкум, жерлестер! Алланың қалауымен жаттығуды бастадық. Иншаллах, жақында Octagon лигасына, октагонға қайта ораламыз. Сіздерге титулдық әрі өте мықты жекпе-жек көрсетеміз. Әлі екі ай уақыт бар. Қарсылас дайын, кіммен кездесетінім де белгілі болды. Алланың қалауымен керемет айқас көрсетеміз. Қырғызстан, алға!" — деді файтер.
Octagon 90 турнирінде 85-секундта жеңіске жетті
Қырғызстандық файтердің соңғы жекпе-жегі 15 тамызда Қонаев қаласында Octagon 90 турнирінде болды.
Марсель қазақстандық Ермек Нұрановпен кездесіп, айқасты небәрі 85-секундта аяқтады. Ол қарсыласын аяққа жасалған ауырту әдісімен жеңді.
Тоқтарды жеңгеннен кейін танымалдығы артты
Марсель Нұрланбек уулу Қазақстан мен ТМД елдеріндегі жанкүйерлерге 2026 жылдың көктемінде кеңінен таныла бастады.
Ол Ереванда ұйымдастырылған Hype FC 28 турнирінде актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтармен жұдырықтасты. ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша өткен кездесуде Марсель төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.