"Отбасым аш қалмауы керек": "Мотиватор" Марсельмен жекпе-жекке баға қойды (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Поп-ММА өкілі Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетов алдағы жекпе-жектері туралы айтып, Марсельмен кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

"Отбасым аш қалмауы керек": "Мотиватор" Марсельмен жекпе-жекке баға қойды (ВИДЕО)
instagram.com/anuarbekmotivator/

Бекембетов Мұхит Амантаевпен реванш өткізгісі жоқ

Әнуарбек Бекембетов бұған дейін қарсылас болған боксшы Мұхит Амантаевпен қарымта жекпе-жек өткізуге қызығушылық танытпайтынын айтты.

- Мұхитпен бокс ережесі бойынша реванш туралы әңгіме болды ма?

- Мұхит маған мүлдем қызық емес, — деді Бекембетов Naka_monaka арнасына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, қазір жаңа қарсыластармен күш сынасу әлдеқайда қызығырақ.

“Маған Марсельді әкеліңдер!”

“Мотиватор” Марсельмен жекпе-жек өткізуге дайын екенін жеткізді. Бекембетов бұл кездесудің қосымша принциптік мәні барын да атап өтті.

“Марсель — жаңа есім. Маған осындай жаңа қарсыластар қызық. Қазір Мұхитке деген қызығушылық азайды. Ал Марсельмен Еркебұлан үшін кездескім келеді. Есесіне бізде жұдырықтасу бойынша реванш бар”, – деді қазақстандық файтер.

Бекембетов тағы бір ықтимал қарсылас – Жұман туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, егер Жұман жекпе-жекті өзі қаласа, ұсыныстан бас тартпайды.

“Жұман видеосын жариялағанын көрдім. Егер өзі “Мотиватормен шығамын” десе, ешқандай мәселе жоқ. Жұман болсын, Марсель болсын – қарсылас маңызды емес. Негізгі мәселе – гонорар”, – деді ол.

Басты шарт – лайық гонорар

Бекембетов кез келген медиялық жекпе-жекке келісудің негізгі талабын да ашық айтты. Файтердің сөзінше, ұсынылатын сыйақы оның отбасының жағдайына сай болуы керек.

“Менің отбасым риза болуы тиіс, аш қалмауы керек. Отбасым үшін соңына дейін барамын”, – деді “Мотиватор”.

Журналистің “Демек, алдымен чекті көрсетіңдер дейсіз ғой?” деген сұрағына Бекембетов:

- Әрине, – деп жауап берді.

Амантаевты техникалық нокаутпен жеңген

Еске салайық, Әнуарбек “Мотиватор” Бекембетов пен Мұхит Амантаев арасындағы жекпе-жек 4 шілдеде Алматыда өткен. Қарсыластар IBA Nomad 15 турнирі аясында “ММА тік тұрыста” ережесі бойынша кездескен еді.

Үшінші раундта Бекембетов қарсыласының бауыр тұсынан дәл соққы жасап, техникалық нокаутпен сенсациялық жеңіске жетті. Осылайша екеуінің арасындағы ұзаққа созылған медиялық текетіреске нүкте қойылды.