Санжар Тәшкенбай Олимпиада-2028 ойындарына қатысу туралы шешімін айтты
Екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуға ниеті бар екенін айтты.
Қазақстандық боксшы бұл туралы Астанада өтіп жатқан IBA Nomad турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
"Алдағы уақытта кәсіпқой боксқа ауысуды жоспарлап отырмыз. Бірақ Олимпиадаға қатысты мақсатымыз бар. Сондықтан әуесқой бокста өз міндеттерімізді орындап, еліміздің намысын қорғауды жалғастырғымыз келеді. Олимпиадаға бару - әр спортшының арманы. Ал Олимпиада чемпионы болу - менің басты мақсаттарымның бірі. Қазір спорттағы ең үлкен арманым - Олимпиада алтынын жеңіп алу", — деді Тәшкенбай.
Сонымен қатар боксшы болашақтағы мүмкіндіктерге қатысты нақты болжам жасамайтынын, егер Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік берілсе, мақсатына жету үшін бар күшін салатынын жеткізді.
Кәсіпқой бокстағы дебют
Санжар Тәшкенбай IBA Nomad турнирінде кәсіпқой бокстағы алғашқы ресми жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы - 25 жастағы филиппиндік боксшы Нил Хакамос.
10 раундқа жоспарланған жекпе-жекте боксшылар IBF Asia ұйымының бірінші жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Осылайша Тәшкенбайдың кәсіпқой бокстағы дебюті бірден титулдық жекпе-жек мәртебесіне ие болады.