Санжар Тәшкенбай IBF Asia белбеуін жеңіп алды
Қазақстандық боксшы Астанада аяқталған International Boxing Day турнирінің басты жекпе-жегінде филиппиндік Нил Хакамостан басым түсті.
Азулы қарсыласпен кездесті
IBA Nomad лигасы ұйымдастырған бокс кешінде Санжар Тәшкенбай кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Оның қарсыласы бұған дейін жеті рет жеңіске жетіп, бір ғана кездесуінде жеңілген филиппиндік Нил Хакамос болды.
Он раундқа жоспарланған айқаста бірінші аса жеңіл салмақтағы бос тұрған IBF Asia чемпиондық белбеуі сарапқа салынды.
Жекпе-жек толық он раундқа созылды. Тәшкенбай кездесу барысында жоғары қарқын көрсетіп, қарсыласына бірнеше дәл әрі ауыр соққы бағыттады.
Қазақстандық боксшы бесінші раундта Хакамосты алғаш рет нокдаунға түсірді. Сегізінші раундта филиппиндік қарсыласы тағы да еденге құлады. Соған қарамастан айқасты соңына дейін жалғастыра алды.
Кездесу аяқталғаннан кейін үш төреші де жеңісті бірауыздан Санжар Тәшкенбайға берді.
Дебюттік жекпе-жекте чемпион атанды
Осылайша Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуінде жеңіске жетіп қана қоймай, бірден IBF Asia чемпиондық белбеуін иеленді
Кәсіпқойлар қатарына ауысқанға дейін қазақстандық боксшы әуесқой рингте елеулі жетістіктерге қол жеткізген. Ол — екі дүркін әлем чемпионы. Санжар 2023 жылы IBA әлем чемпионатында топ жарса, 2025 жылы World Boxing ұйымы өткізген дүниежүзілік біріншіліктің алтын медалін жеңіп алды.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.