"Бұл – үлкен қадам": Бапкер Тәшкенбай мен Бибосыновтың алдағы айқасына баға берді
Бүгін қазақ боксының жұлдыздары Астанада өтетін кәсіпқой бокс кешінде рингке шығады.
Қазақстандық тәжірибелі бокс бапкері Мирамғали Ақмолдинов Санжар Тәшкенбай мен Сәкен Бибосыновтың IBA Nomad лигасы ұйымдастыратын International Boxing Day турниріндегі жекпе-жектеріне баға берді.
Маманның пікірінше, екі танымал қазақстандық боксшының кәсіпқой рингте өнер көрсетуі олардың мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.
"Бұл – олардың мансабындағы үлкен қадам"
Ақмолдинов Тәшкенбай мен Бибосыновтың қатысуының өзі турнирге деген қызығушылықты арттыратынын атап өтті.
"Сәкен мен Санжар секілді жұлдыздардың бұл турнирге қатысуы жарысты алдын ала-ақ тартымды етіп отыр. Өйткені олар – Қазақстандағы бокс жанкүйерлерінің сүйікті спортшылары. Бұл олардың спорттық мансабы үшін де үлкен қадам", – деді бапкер Sports.kz басылымына берген сұхбатында.
Мирамғали Ақмолдиновтың айтуынша, үлкен аренада мыңдаған жанкүйердің алдында жұдырықтасу кез келген спортшыға бұйыра бермейтін мүмкіндік.
"Көп көрермен жиналған аренада өнер көрсету – еліміздегі әр боксшыға беріле бермейтін тәжірибе. Меніңше, жанкүйерлерге бұл спортшылардың кәсіпқой бокста қалай жұдырықтасатынын көру қызық болады", – деді маман.
Турнир Астанада өтеді
International Boxing Day турнирі Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.