ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ 24-тур

Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне жетті

Қазақстандық боксшы Астанада International Boxing Day турнирінде намибиялық Иммануэль Йозефты сенімді түрде жеңді.

Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне жетті
Instagram/@sakenbibosinov

Тәжірибелі қарсыласпен жұдырықтасты

IBA Nomad лигасы ұйымдастырған бокс кешінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов шаршы алаңға шықты. Бұған дейін кәсіпқой рингте екі жеңісінің бірін мерзімінен бұрын тіркеген қазақстандық боксшының қарсыласы намибиялық Иммануэль Йозеф болды.

Йозеф — WBO Africa белбеуінің қазіргі иегері әрі WBA Asia East титулын иеленген тәжірибелі боксшы. Оның кәсіпқой бокстағы көрсеткіші — 18 жеңіс, төрт жеңіліс және бір тең нәтиже.

Жекпе-жек сегіз раундқа созылды

Екінші аса жеңіл салмақ дәрежесінде (52,1 келіге дейін) өткен кездесу жоспарланған сегіз раундтың барлығына созылды. Бибосынов айқас барысында қарсыласына қарағанда белсендірек қимылдап, соққыларының дәлдігімен көзге түсті.

Жекпе-жек аяқталғаннан кейін төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандыққа берді.

Осылайша Сәкен Бибосынов кәсіпқой мансабындағы үшінші кездесуін де жеңіспен аяқтап, көрсеткішін 3-0-ге жеткізді.

Әуесқой бокстағы жетістіктері

Сәкен Бибосынов кәсіпқой боксқа ауысқанға дейін әуесқойлар арасында бірқатар ірі табысқа жетті. Ол Токио Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алған.

Қазақстандық былғары қолғап шебері 2025 жылдың желтоқсанында IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын екінші мәрте иеленді. Ол финалда ресейлік Вячеслав Рогозиннен басым түскен. 

Бұл туралы не ойлайсыз?

Пікірлер

Пікір жазу үшін кіріңіз.

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.