Сәкен Бибосынов әлем чемпионы атағына көз тікті
Кеше Сәкен Бибосынов Астанада өткен International Boxing Day турнирінде Намибия өкіліне қарсы шығып, жеңіске жеткен болатын.
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингтегі басты мақсатын атады. Астанада өткен IBA Nomad турниріндегі жеңісінен кейін ол әлем чемпионы атағына мүмкіндігінше тезірек таласқысы келетінін мәлімдеді.
Қазір Бибосыновтың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 3 жеңіс, 0 жеңіліс, 1 нокаут.
"Күтетін уақыт жоқ"
Жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында Бибосынов алдағы жоспарын ашық айтты. Қазақстандық боксшы рейтингте өзінен жоғары тұрған қарсыластармен кездесіп, үздік ондыққа тезірек енуді көздейді.
"Жекпе-жегім енді ғана аяқталды. Енді аздап тынығып, демалып алып, әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Өздеріңіз айтқандай, мен енді жас емеспін, күтетін уақыт жоқ. Тезірек чемпион атану керек, рейтингте менен жоғары тұрған боксшылармен жұдырықтасып, топ-10 қатарына ертерек кіру қажет", – деді Бибосынов.
Қазақстандық боксшы рейтингте жоғарылағаннан кейін әлем чемпионы атағына таласуды жоспарлап отыр.
"Егер мүмкіндік туса, әлем чемпионының белбеуі үшін жекпе-жекті мүмкіндігінше тезірек өткізгім келеді. Біздің елде кәсіпқой бокстан әлем чемпиондары көп емес. Сондықтан сол санаулы ағаларымыздың қатарына қосылғым келеді", – деді спортшы.
WBO Africa чемпионын жеңді
Сәкен Бибосынов Астанада өткен International Boxing Day турнирінде Намибия өкілі Иммануэль Джозефпен кездесті.
Джозеф жекпе-жекке дейін WBO Africa титулының иегері болған. Оның кәсіпқой бокстағы статистикасы – 18 жеңіс, 5 жеңіліс, 1 тең нәтиже және 7 нокаут.
Екінші жеңіл салмақта өткен сегіз раундтық кездесу толық дистанцияға созылды. Оның қорытындысы бойынша төрешілердің барлығы жеңісті қазақстандық боксшыға берді.