
Батыс Қазақстан облысында ерекше жағдай болды. Газ компаниясында жұмыс істеген Асқар есімді оператор жұмыс барысында қарлығаштың ұясын бұзбау үшін тапсырмадан бас тартқан.
30 маусым күні Асқарға газ құбырына арналған траншеяны топырақпен көму тапсырылған. Алайда жүк тиегішпен жұмысты бастаған сәтте ол сол жерде ұя салып, балапан басып отырған бірнеше қарлығашты байқап қалады. Табиғатқа жаны ашыған азамат жұмысты тоқтатуға шешім қабылдаған, деп жазады Taulik.kz.
“Мен оларды жаншып өте алмадым. Олар да тірі жан иесі. Біз секілді өмір сүруге құқылы”, – дейді Асқар.
Асқар өзінің бұл әрекетінің жұмыс берушіге ұнамайтынын түсінген. Сондықтан да сол күні өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазған. Бірақ жағдай мұнымен аяқталмады.
Асқар кетіп қалған соң, оның орнына келген қызметкерлер сол траншеяны топырақпен жауып тастаған. Салдарынан құстың ұясы бұзылып, балапандардың тағдыры белгісіз күйде қалды.
“Бұл жағдай мен үшін үлкен соққы болды. Ұзақ уақыт өзімді кінәлі сезіндім. Ақыры денсаулығым сыр берді”, – деп айтты ол.