
Канадалық танымал әнші Джастин Бибер Instagram желісіндегі Stories-інде Маңғыстау облысындағы Боқты тауының суретін жариялады. Бұл ерекше көрініс – Үстірт қорығының ең танымал жерлерінің бірі.
Жұлдыз өзінің парақшасында @earthbestshots паблигінің фотосын репост жасады. Бұл фотосуреттерді әлемге танымал фотограф Даниэль Кордан түсірген. Суреттерде 165 метр биіктіктегі Боқты тауы таңғы және кешкі күннің шуағымен боялған. Өзінің ерекше қабатты құрылымы арқасында ол халық арасында "Тирамису" деген бейресми атауға ие болған.
Бибердің Stories-і қазақстандықтар арасында үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары жергілікті табиғаттың осындай халықаралық назарға іліккеніне қуанышты.
"Сен де таңқалдың ба, Бибер біздің табиғатты көрсетті!" – деп жазды Instagram қолданушыларының бірі.
Батыс елдерінде 300 миллионнан астам тыңдарманы бар әншінің сторисі Маңғыстау туризміне жаңа тыныс әкелуі мүмкін.
Боқты тауы – Маңғыстау облысының Шетпе ауылы маңындағы геологиялық ескерткіш. Түрлі түсті қабаттардан тұратын тау алыстан қарағанда атақты италиялық десерт – тирамисуға ұқсайды. Көптеген шетелдік фотографтар мен саяхатшылар бұл жерді табиғи палитрасы үшін таңдайды.
Қазақстанның осындай көркем аймақтарын әлемдік сахнада таныту – ел имиджін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі.
Джастин Бибер – 1994 жылы 1 наурызда Канадада дүниеге келген. Балалық шағында хоккей, футбол, шахмат және музыкамен айналысқан. Оның музыкалық жолы 2007 жылы басталып, 2009 жылы шыққан алғашқы синглі "One Time" әлемдік хитке айналды. Сол кезден бері Бибер көптеген марапат иесі атанып, жаһандық шоу-бизнес жұлдызына айналды.