
Жылдық мәніндегі баға 20%-дан асқан қалаларда бар екен.
Қазақстанда бір жыл ішінде жаңа тұрғын үй де, қайталама нарықтағы баспана да, жалдамалы пәтерлер де айтарлықтай қымбаттады.
«Бір жылда (2025 жылғы қыркүйек 2024 жылғы қыркүйекке) жаңа тұрғын үйлерді сату – 12,8%, қайталама нарықта пәтерлерді қайта сату бағалары 10,3% жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 9,9% жоғарылады», – делінген стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне (СЖРА) қарасты ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) жұма күнгі хабарламасында.
Өңірлер кесіндісінде тұрғын үйдің алғашқы нарықтағы жылдық мәнінде баға Павлодар қаласында – 26,4%, Қызылорда қаласында – 15,3%, Шымкент қаласында 15,2% едәуір қымбаттады. Қайталама нарықта баға өсімінің лидерлері – Ақтөбе қаласы (18,9%), Павлодар қаласы (18,8%), Алматы қаласы (17,9%), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Ақтөбе қаласы (40,7%), Көкшетау қаласы (18,7%), Астана қаласы (18,1%).
«2025 жылғы қыркүйек айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 313 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 661 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 32 652 мәміле жасалды. 2025 жылғы тамызбен салыстырғанда (41 380) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,2%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (8 859 – 21,4%) және Астана (8 644 – 20,9%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 029 – 7,3%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 306 мәміле (0,7%)», - делінген ақпаратта.
2025 жылдың тамызымен салыстырғанда қыркүйекте мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+20,2%), Атырау (+12,6%) және Түркістан (+9,9%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Шымкент (-10,9%) пен Алматы (-8,6%) қалаларында және Жетісу (-5,8%) облысында орын алды.
«2025 жылғы қыркүйекте тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 4,5%-ға өсті, ол кезде 39 543 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Астана қаласында (30,1%) байқалады, ең үлкен төмендеу – Батыс Қазақстан облысында (-31,9%). 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 3,2%-ға өсім байқалады. Бір айдың ішінде (2025 жылғы қыркүйек 2025 жылғы тамызға) жаңа тұрғын үйді сату – 2,1%, пәтерлерді қайта сату 1,5% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 2,8% қымбаттады», – деп нақтылады ҰСБ.