
Белгілі волонтер және қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат бүгінде сот үкімімен колонияда жазасын өтеп жатыр. Үкімет сағатының кулуарында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков оның колониядағы еңбек жағдайы мен болашақ мамандығы туралы түсініктеме берді.
Абай Қайырбековтың айтуынша, жазасын өтеушілерге жұмыс түрі олардың білімі мен қабілетіне қарай таңдалады.
«Кез келген жұмыс белгілі бір дағдыларды талап етеді. Ең алдымен бос жұмыс орындарына қарап, соған лайық мамандарды орналастырамыз. Егер сотталған адамның біліктілігі болмаса, біз оны оқыту курстарына жібереміз», – деді Қайырбеков.
Оның айтуынша, жазасын өтеушілер жаңа мамандықты колония ішіндегі колледждер мен арнайы курстарда меңгере алады. Бұл оларға кейін қоғамға бейімделіп, жұмыс табуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың қарашасында Перизат Қайраттың аты-жөні қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу мәліметінше, оның жетекшілігіндегі қайырымдылық қор су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 1,5 миллиард теңгені мақсатсыз пайдаланған деген күдікке ілінген.
Бұған дейін ІІМ өкілдері не себепті қор тек көктемгі су тасқынынан кейін бірнеше ай өткен соң ғана тексерілгенін де түсіндірген болатын.