
Ғалымжан Кенжебекке испаниялық "Бетис" қызығушылық танытқан. Алайда жас ойыншының бағы басқа клубқа бұрылған.
Словакияның "Кошице" командасында өнер көрсететін Қазақстан жастар құрамасының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек биыл Испания чемпионатына ауысуы мүмкін болған.
2023 жылдың күзінде 22 жастағы футболшы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Испания жастар құрамасының қақпасына қос гол соғып, көзге түсті (есеп – 3:4). Осы матчтан кейін испаниялық клубтар жас талантқа назар аудара бастады.
Олардың ішінде "Бетис" алғашқылардың бірі болып агентпен байланысқа шығып, ойыншыны жастар командасы – "Бетис Б" сапына шақырды. Болашақта негізгі құрамға өту мүмкіндігі де қарастырылған. Алайда бұл трансфер жүзеге аспады.
Ғалымжанның туған жері Тараз болса да, ол Еуропаға жолды Словакиядан бастады. Себебі "Кошице" командасы келіссөздерде белсенділік танытып, футболшыны өз сапына қосып үлгерді.
Қазір ойыншының агенті Мамука Ломидзе испаниялық клубпен байланысты үзбей ұстап отыр. Дегенмен Ғалымжанның "Кошице" сапындағы ойыны әзірге аса көп емес: ол тоғыз матчқа қатысып, бір гол соғып, бір нәтижелі пас берген.