
Словенияның «Олимпия» клубының бас бапкері Жорже Симау «Қайраттың» шабуыл шебіндегі 16 жастағы талант Дастан Сатпаевты ерекше атап өтті. Аталған маман алматылық клубпен өтетін Чемпиондар лигасы матчында қиындық болатынын мойындады.
Словенияның «Олимпия» клубының бас бапкері Жорже Симау алматылық «Қайрат» командасымен өтетін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі алдындағы жағдайға тоқталып, «Қайраттың» сапындағы 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаевқа бағасын берді.
Қазақстан Премьер-лигасының 16 турынан кейін «Қайрат» көш бастап тұрған «Астанадан» бір ұпайға ғана қалып келеді. Ал «Олимпия» — 2025/26 жылғы Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі алматылық клубтың қарсыласы. Қос клубтың алғашқы кездесуі 8 шілдеде Словенияның Любляна қаласында, ал жауапты матч 15 шілдеде Алматыда өтеді.
Жорже Симау матч алдындағы баспасөз жиынында былай деді:
«Олардың жарыс ырғағында жүргенін артықшылық деп айта алмаймын, бірақ бұл – басты айырмашылық. Екінші жағынан, біз олардың бірнеше ойынын талдай аламыз, ал олар бізді толық зерттей алмайды. Бұл енді журналистер үшін қызық.
Ең бастысы – олардың шабуыл шебінде өте мобильді, 16 жастағы жас ойыншы бар. Ол қазірдің өзінде „Челси“ клубымен келісімшартқа отырды. „Қайрат“ бізден өзгеше футбол ойнайды: олар ұзын пастар мен әуе доптарына көбірек иек артады. Алда бізді оңай емес қарсылас күтуде», – деді Симау.
Дастан Сатпаев — биылғы маусымда «Қайрат» сапында жарқ еткен жас футболшылардың бірі. Оның Англияның «Челси» клубымен келісімге келуі — қазақстандық футбол тарихындағы айтулы оқиға.