Африка құрлығында өтіп жатқан басты доданың ақтық мәресі келіп жетті. Сайыс Марокко елінде өтіп жатыр.
Мароккода 2026 жылғы Африка ұлттар кубогының жартылай финалдық кездесулері өтті.
Алдымен Сенегал құрамасы Египет командасын минималды есеппен жеңді — 1:0. Жеңіс голын 78-минутта Садио Мане соқты. Екінші ойында турнир қожайындары марокколықтар Нигерия құрамасынан пенальтилер сериясында басым түсті (0:0, пен. 4:2).
Осылайша, турнирдің алтын жүлдесі мен басты трофейі үшін Сенегал мен Марокко таласады. Финалдық матч жексенбі, 18 қаңтарда өтеді. Ал сенбі, 17 қаңтарда, Египет пен Нигерия қола жүлделерді сарапқа салады.
Естеріңізге салсақ, 2023 жылы өткен соңғы Африка кубогын Кот-д’Ивуар жеңген еді.