Темірлан Анарбековке Түркияның топ-клубынан қызығушылық бар
Түркиялық футбол агенті Әли Эмре қазақстандық қақпашыны "Фенербахчеге" лайық кандидаттардың бірі деп атады.
Анарбековты "Фенербахчеге" ұсынды
Түркия футболындағы трансфер мәселелерімен айналысатын белгілі агент Әли Эмре әлеуметтік желідегі парақшасында Темірлан Анарбеков туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, "Фенербахче" қақпа сызығында ғана тұрып қалмайтын, қорғанысты ұйымдастыра алатын және әуедегі доптарға сенімді шығатын қақпашыға мұқтаж.
Әли Эмре өз жазбасында "Фенербахчеге" шабуылды өз айып алаңынан бастап беретін емес, матч тағдырын шеше алатын голкипер қажет екенін атап өтті.
"Біз “Сити”, “Бавария”, ПСЖ немесе “Барселона” емеспіз. Бізге өз қақпасынан шабуыл бастайтын қақпашы керек емес. Бізге сызыққа байланып қалмайтын, допқа жақсы шығатын және қорғанысты басқара алатын голкипер қажет. Мен үшін бірінші нұсқа — Цолакис, одан кейін Темірлан Анарбеков. Командаға матч жеңіп бере алатын қақпашы керек. Муслера сияқты", — деп жазды Әли Эмре.
Қақпашының ойыны Еуропада талқылана бастады
Темірлан Анарбековке қатысты әңгіме" Қайраттың" халықаралық аренадағы сәтті ойындарынан кейін күшейді.
Алматылық клубтың Чемпиондар лигасындағы нәтижелерінен соң жанкүйерлер мен мамандар арасында қазақстандық қақпашының Еуропаның мықты клубтарында ойнауға әлеуеті бар екені жиі айтыла бастады.
Бұған дейін Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасы турының үздік үш ойыншысының қатарына енгені де хабарланған еді. Бұл оның шетелдік футбол ортасында назарға ілігуіне себеп болды.
Дегенмен қазір Темірлан Анарбековтың трансфері бойынша ресми келіссөздер немесе нақты ұсыныс туралы ақпарат жоқ.
Әли Эмренің пікірі әзірге бейресми қызығушылық ретінде бағаланады. Яғни "Фенербахче" тарапынан нақты трансферлік ұсыныс түсті деуге негіз жоқ.