Жаппай тәртіпсіздік: Парижде 200 адам жарақат алды
Сегіз адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, 60-қа жуық полицей жарақат алды. Құқық қорғау органдары 780 адамды ұстады.
"Пари Сен-Жерменнің" Чемпиондар лигасындағы жеңісінен кейінгі мерекелік шара жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Жанкүйерлер мен құқық қорғау органдары арасында ірі қақтығыс болды.
Сегіз адам ауыр жарақат алды
BBC мәліметінше, Париждегі қақтығыс кезінде зардап шеккендердің жалпы саны 200 адамнан асқан. Олардың сегізі ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Қалада қоғамдық тәртіпті сақтау үшін шамамен 6 мың полиция қызметкері жұмылдырылған. Соған қарамастан, жанкүйерлер мен тәртіп сақшылары арасындағы жағдай бірнеше жерде ушығып кеткен.
Тәртіпсіздікті тоқтату барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері де зардап шекті. Шамамен 60 полицей жарақат алғаны хабарланды.
Полиция жанкүйерлердің заңсыз әрекеттеріне байланысты жүздеген адамды ұстады.
780 адам қамауға алынды
Француз құқық қорғау органдары тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен 780 адамды ұстаған.
Бұдан бөлек, полиция бір адамның қаза тапқанын растады. Оның денесі Париждегі айналма автожол маңынан табылған.