ӘЧ-2026: Иран құрамасын АҚШ-қа кіргізбей қойды

Бас редактор

Визадан қағылғандардың қатарында Иран футбол федерациясының бас хатшысы Хидаят Момбени мен атқарушы директор Мехди Харати бар.

ӘЧ-2026: Иран құрамасын АҚШ-қа кіргізбей қойды
Zakon.kz

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатын қабылдаушы елдердің бірі АҚШ Иран ұлттық құрамасының ресми өкілдеріне виза беруден бас тартты. Бұл шешім спорт қауымдастығы мен дипломатиялық шеңберде үлкен наразылық тудырды. Бұл туралы kursiv.media хабарлады. 

"Әлем чемпионатының дәрменсіз ұйымдастырушысы АҚШ өз міндеттерін тиісті деңгейде атқара алмай отыр. Біз FIFA қонағымыз, сондықтан барлық қатысушылардың виза алуын қамтамасыз ету ФИФА-ның тікелей міндеті. АҚШ Әлем чемпионаты қарсаңында Иран ұлттық футбол құрамасының ресми тұлғаларына виза беруден бас тартты", делінген Иранның футбол федерациясының хабарламасында.

Бұған не себеп?

АҚШ елшілігі Иран құрамасының барлық футболшылары мен бапкерлер құрамына виза мақұлдағанымен, делегацияның әкімшілік және басқарушы құрамындағы 15-ке жуық адамға елге кіруге рұқсат бермей қойды. Визадан қағылғандардың қатарында Иран футбол федерациясының бас хатшысы Хидаят Момбени мен атқарушы директор Мехди Харати бар.

Иранның спорт шенеуніктері мен дипломаттары АҚШ-ты спортты саясаттандырды, ФИФА регламентін бұзды және құраманың дайындығына әдейі кедергі келтіріп, теңсіздік орнатты деп айыптап отыр.

Америкалық ресми өкілдер матчтарды өткізуге қажетті негізгі құрам мен техникалық персоналға виза толық берілгенін алға тартады. Ал өзге тұлғаларға бас тартылуын қатаң қауіпсіздік тексерісімен (атап айтқанда, АҚШ-та террористік ұйым деп танылған Ислам революциясы сақшылар корпусымен (ИРСК) байланысты тексерумен) түсіндірді.

Иран құрамасы чемпионатқа қалай қатыспақ?

Туындаған қиындықтарға байланысты Иран құрамасы Әлем чемпионаты алдындағы соңғы дайындық кезеңін Мексиканың Тихуана қаласына ауыстыруға мәжбүр болды. Команда АҚШ шекарасын тек матч өтетін күндері ғана кесіп өтпек.

Еске сала кетейік, Иран құрамасының Әлем чемпионатындағы алғашқы ойыны 15 маусымда Калифорнияда Жаңа Зеландия құрамасына қарсы өтеді деп жоспарланған.