
Өнер иесі енді мәдени интеграциялар бойынша арнайы өкіл ретінде спорт пен руханиятты ұштастырып, жас буынға жаңа шабыт бермек.
Қазақстандық танымал актер Асылхан Төлепов Қазақстан таеквондо федерациясының мәдени интеграциялар бойынша арнайы өкілі атанды. Бұл жайлы ол өзінің Instagram парақшасында ресми түрде хабарлады.
Асылхан Төлепов жаңа қызметін зор қуанышпен қабыл алғанын атап өтті:
«Бұл — мен үшін үлкен мәртебе. Себебі бұл ұйым тек спортты ғана емес, жас буынның рухын, тәртібін және отанға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеп жатыр.», – деп жазды актер.
Жаңа қызметке кіріскен Төлепов жуырда өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатына қатысып, жас спортшылардың өнеріне оң баға берді:
«Кеше мен жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, біздің спортшылардың шеберлігіне және жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына куә болдым. Таеквондо — бұл жай ғана спорт емес, бұл болашағы зор қозғалыс», – деді ол.
Өзіне артылған сенім үшін алғысын білдірген Асылхан Төлепов федерациямен бірге жаңа белестерге жетуге дайын екенін жеткізді:
«Федерация маған артқан сенімдеріңіз үшін алғыс айтамын. Жаңа белестерге бірге жетеміз!»