
Алматының Орталық стадионында өтетін әлемдік поп-мәдениет жұлдызы Дженнифер Лопестің концертіне байланысты "Қайрат" футбол клубының ішкі матчына өзгеріс енгізілді.
10 тамызға жоспарланған Дженнифер Лопестің шоуына байланысты тараптар келісімге келді. Жоғары қызығушылық пен шараның халықаралық деңгейі ескеріле отырып, Қазақстан Премьер-Лигасының "Қайрат" – "Жеңіс" матчы 21 қыркүйекке ауыстырылды.
“Бұл шешім футбол мен мәдени іс-шара көрермендері үшін ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қабылданды”, – делінген "Қайрат" клубының Instagram парақшасында.
Дегенмен "Қайраттың" еурокубок ойындары – 7 және 12 тамызға белгіленген матчтар бұрынғы кесте бойынша өткізіледі. Бұл матчтарға ешқандай өзгеріс енгізілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін "Қайрат" клубы Дженнифер Лопестің концерті стадион әкімшілігі тарапынан клубпен келісілмей жоспарланғанын, және концертті өткізуге қарсы екендерін ресми түрде мәлімдеген болатын.