Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстан Азия Пара ойындарында бес алтын иемденіп, медаль кестесіндегі орнын жақсартты

Жапониядағы V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы бір күнде бес алтын медаль иеленді. 

Қазақстан Азия Пара ойындарында бес алтын иемденіп, медаль кестесіндегі орнын жақсартты
instagram/@kaz_judoteam

Парадзюдошылар үш алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасының табысты өнер көрсетуіне парадзюдошылар айтарлықтай үлес қосты.

70 келіден жоғары салмақта J1 санатында белдескен Ақтолқын Сейілбекова айналмалы жүйе бойынша өткен төрт кездесудің барлығында жеңіске жетіп, чемпион атанды.

Осы салмақ дәрежесінің J2 санатында Зарина Раифова қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді.

Ал 95 келіден жоғары салмақта J2 санатында өнер көрсеткен Жұрқамырза Шүкірбеков финалда ирандық Мохаммадреза Хейроллахзаде Варзиді жеңіп, Қазақстанға тағы бір алтын жүлде сыйлады.

Паравелоспорттан Қазақстан екі алтын иеленді

Велоспортшылар да ел қоржынын бағалы медальдармен толықтырды.

Ерлер арасындағы B санатында 20 шақырымдық жекелей уақытқа жарыста Наиль Ермұханбет 34 минут 9,17 секунд нәтиже көрсетіп, бірінші орын алды.

Осы сайыста тағы бір қазақстандық Кирилл Илюкевич 35 минут 26,64 секунд көрсеткішпен күміс жүлдегер атанды.

Әйелдер арасындағы B санатында 15 шақырымдық жарыста Анастасия Калаус үздік нәтиже тіркеді. Ол қашықтықты 32 минут 21,54 секундта еңсеріп, алтын медаль жеңіп алды.

Қазақстандық тағы бірнеше жүлде жеңіп алды

Жеңіл атлетикада Ислам Сәлімов T13 санатында ұзындыққа секіруден 6,30 метр нәтижемен күміс медаль иеленді.

Ал Махамбет Серікқалиев F53 санатында ядро итеруден 6,81 метр көрсеткішпен қола жүлдегер атанды.

Садақ атудан W1 санатындағы жұптық бәсекеде Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеқасым финалға дейін жетті. Шешуші кездесуде қытайлықтарға есе жіберген қазақстандықтар күміс медаль місе тұтты. 

Паражүзуші Әли Тұрғанбеков 100 метрге брасс әдісімен жүзуде 1 минут 44,26 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орын алды.

Бұл оның Жапониядағы жарыста жеңіп алған екінші күміс медалі. Бұған дейін ол Сиязбек Дәлиев, Наталья Звягинцева және Зүлфия Ғабидуллинамен бірге 4×50 метрлік аралас эстафетада жүлдегер атанған еді.

Қазақстан нешінші орында?

21 қазандағы жарыстар қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте сегізінші орында тұр. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының еншісінде 37 медаль бар: 10 алтын, 11 күміс және 16 қола.

Медаль саны бойынша Қытай құрамасы айқын көш бастап келеді. Екінші орында жарыс қожайыны Жапония орналасса, үздік үштікті Өзбекстан түйіндеп тұр.

Айта кетейік, Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласындағы V Азия Пара ойындары 24 қазанда аяқталады.

Бұл туралы не ойлайсыз?