Оқиға 21 қаңтар күні кешкі уақытта тіркелген. Олар Қызылорда облысынан келген
Жамбыл облысында оқу-жаттығу жиынында болған 22 жасөспірім балуан ауруханаға түсті. Бұл туралы Negemedia хабарлады.
Оқиға 21 қаңтар күні кешкі уақытта тіркелген. Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына жасы 12 мен 17 аралығындағы 22 жасөспірім жеткізілген. Олар Қызылорда облысынан келген және Меркі ауданындағы “Тұран” демалыс аймағында күрес бойынша оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан.
Дәрігерлердің мәліметі бойынша, ауруханаға түскен балаларға этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит диагнозы қойылған. Медицина қызметкерлері олардың жағдайын жеңіл, жалпы хал-ахуалын қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Қазіргі уақытта жасөспірімдер дәрігерлердің бақылауында.
Аурудың нақты себебін анықтау үшін науқастардан, сондай-ақ тұтынылған тамақ өнімдерінен зертханалық сынамалар алынған.
Зерттеу нәтижелері әзірге дайын емес. Сонымен қатар, жағдайды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеріп жатыр.
Оқиға Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Тексеру қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен өңірде жедел штаб құрылды. Жағдай жергілікті биліктің қатаң бақылауында.
Демалыс аймағында жалпы 103 жас спортшы, 13 жаттықтырушы болған. Қалған балаларды медицина мамандары тексерген, ауру белгілері анықталмаған.
Оқи отырыңыздар:
Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы: Мәселеге Данияр Елеусінов араласты