Қазақстанның ең үздік шахматшыларының бірі, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева тарихи жетістігі үшін берілген 25 миллион теңге сыйақының негізгі бөлігі жаттықтырушылар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалатынын айтты.
2025 жылдың соңында Бибісара Асаубаева блицтен үшінші рет әлем чемпионы атанып, Қазақстанға оралған соң шахмат федерациясы тарапынан 25 миллион теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.
Спортшының айтуынша, чемпиондық атақ — зор қуаныш, бірақ кәсіби дайындықтың артында тұрақты шығындар мен төленуі тиіс еңбекақылар жатыр.
Бибісараның сөзінше, ол желтоқсан айындағы жұмыс үшін бапкеріне қарыз. Сонымен бірге жаттығу процесі тоқтаған емес. Әлем чемпионатын ұтқаннан кейін-ақ 10 күндік оқу-жаттығу жиынына кетіп, артынан Нидерландыдағы Вейк-ан-Зее турниріне қатысқан.
Асаубаева бұл жарыстың ауыр әрі беделді екенін атап өтті. Турнир барысында да бапкері жанында болып, дайындық пен ойын процесіне көмектескен. Бұдан бөлек, шахматшының дебют бойынша жеке бапкері және бірнеше маманы барын да жасырмады.
Спортшы жаттықтырушылардың жағдайға түсіністікпен қарайтынын, бірақ кейде Қазақстандағы қолдау деңгейіне қатысты сұрақ көп екенін жеткізді. Себебі ел шахматында әлем чемпионы атағына үміткерлер бәсекесіне өткен ойыншының болуы — ерекше оқиға.
Асаубаева мұны Қазақстан шахматы үшін маңызды әрі өте жоғары деңгейдегі нәтиже деп бағалайды.
Бибісара бұған дейін де жүлде қаражатының бір бөлігін жаттықтырушылар алдындағы төленбеген қарыздарға бағыттауға мәжбүр болғанын айтқан. Ал блиц бойынша әлем чемпионаты-2025 үшін ұйымдастырушылардан алған жүлде ақшасын ол командасына толық бергенін де жеткізген.
Шахматшы бұл жағдайды әзіл арқылы түсіндірген еді:
"Лотерея ұтып алған миллиардер туралы анекдот есіңізде ме? "Ұтысыңды қайда жұмсайсың?" десе, "Қарызымды жабамын" дейді. Менде де сол сияқты".
Оның айтуынша, дәл осы қаражат жаттықтырушылардың төленбеген еңбекақысын өтеуге жұмсалады. Себебі дайындықтың негізі — солардың еңбегі, ал үлкен нәтижеге апаратын жолдағы негізгі шығын да көбіне осы бағытқа кетеді.