Қазақстанның әйгілі әншісі Димаш Құдайберген Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа берген уәдесін орындап, сәнді автокөлік сыйлады.
Желіде тараған кадрларда Михаил Шайдоровқа арналған көлік қара түсті Hyundai Palisade екені көрінеді. Автокөлік ұлттық нақыштағы графикамен безендірілген. Шанағында “Мишабай, жеңісіңмен құттықтаймын”, “Қазақстан мақтанышы” деген жазулар және бұл көліктің Милан–Кортинадағы Олимпиада чемпионына арналғаны көрсетілген.


2026 жылдың ақпанындағы Hyundai Palisade-тың люкс жинақтамадағы орташа бағасы 37,3–37,8 млн теңге аралығында.
13 ақпанда Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жеке сырғанауда күтпеген сенсация жасап, Милан–Кортина-2026 Қысқы Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған еді.
Сол жеңістен кейін Димаш спортшыға видеоүндеу жолдап, Қазақстан чемпионына көлік сыйлайтынын айтқан.
Айта кетерлігі, Шайдоров өзінің олимпиадалық бағдарламасында Димаш орындаған композицияны пайдаланғаны да көптің назарын аудартты.