"Менің патшам": Сәбина Алтынбекова әкесіне деген ерекше ықыласын білдірді
Танымал волейболшы әлеуметтік желіде ата-анасына деген алғысын айтып, әкесімен қарым-қатынасы туралы әсерлі жазба жариялады.
“Кішкентай кезімнен ханшайымдай қарады”
Волейболшы өзін бала күнінен махаббат пен мейірімге бөленіп өскенін атап өтті. Сондай-ақ әкесінің әлі күнге дейін күн сайын жылы сөз айтып, қолдау білдіретінін жазды.
“Мен ешқашан азға келіспеймін. Себебі бала кезімнен маған ханшайымдай қарады. Ата-анамның мүмкіндігі аса көп болмаса да, қажет нәрсенің бәрін алып беріп, еркелетті. Ең бастысы, олар маған мол махаббат пен қолдау сыйлады. Ал менің патшам әлі күнге дейін күн сайын мақтауын айтып, мейірімін төгеді. Осындай керемет ата-ана сыйлағаны үшін Жаратқанға алғыс айтамын”, – деп жазды Алтынбекова.
Алтынбекова қалай танымал болды?
Сәбина Алтынбекова 17 жасынан бастап Қазақстанның түрлі жас санатындағы құрамаларына шақырылды.
Ол 2014 жылы волейболдан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында көпшілікке кеңінен танылды. Сол жарыстан кейін қазақстандық спортшының танымалдығы күрт өсіп, турнирдің ең көрікті ойыншыларының бірі ретінде аталды.
Мансабында бірнеше шетелдік командада ойнады. Олардың қатарында:
- Жапонияның GSS Sunbeams клубы;
- Біріккен Араб Әмірліктерінің “Әл-Васл” командасы;
- Индонезияның Yogya Falcons клубы бар.
Волейболшы соңғы маусымда елордалық “Астана”” сапында өнер көрсетті. Бірақ 2026 жылдың ақпанында тараптардың өзара келісімі бойынша клубпен келісімшартын мерзімінен бұрын бұзды.
