
АҚШ-та жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшылардың өмірі сырт көзге тартымды көрінуі мүмкін. Instagram желісінде керемет көріністер, жаттығу залдары мен жарқын сәттер жиі жарияланады. Бірақ шындық мүлдем басқаша. Бұл туралы 2013 жылғы әлем чемпионы, қазіргі Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов мәлімдеді.
Ақшаловтың айтуынша, АҚШ-та кәсіпқой боксшы ретінде өмір сүру үшін сенімді және мықты промоутер қажет. Егер промоутерсіз қалсаң, үш-төрт ай бойы жекпе-жексіз қалуың әбден мүмкін. Бұл қаржылай тұрғыда да үлкен қиындық тудырады.
"Америкада өмір сүру оңай емес. Промоутерсіз боксшы үш-төрт ай жекпе-жекке шықпай отырады да, шығынға ұшырайды. Сол себепті біздің жігіттер – Мейірім Нұрсұлтанов демалыс күндері жүк тасушы боп (мувингте) жұмыс істейді. Себебі күн көру керек. Көпшілік Instagram-нан Америка, Голливуд көріп, бәрі жақсы деп ойлайды. Бірақ олай емес", – деді Ақшалов "Бірінші бол" YouTube арнасына берген сұхбатында.
АҚШ-та өмір сүріп, кәсіби мансабын дамытып жатқан қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20 жеңіс, 11 нокаут) қазір Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) орта салмақтағы рейтингінде бірінші орында тұр. Ол жақында WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамеске қарсы титулдық жекпе-жекке міндетті үміткер ретінде танылды.