
Бокстан Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Аида Әбікеева екінші рет әлем чемпионы атанды. Бұл жетістік — оның мансабындағы тарихи сәт қана емес, сонымен қатар қазақстандық әйел боксы үшін де үлкен жеңіс.
Боксшы Olympic.kz сайтына сұхбат берді.
«Бір жылдың ішінде екі рет әлем чемпионы болу – мен үшін зор мақтаныш. Қарағанды облысынан шыққан қыздар арасында мұндай жетістікке алғаш мен жеттім. Бұл — елім үшін, өңірім үшін үлкен абырой», – деді Аида сұхбатында.
Әбікеева биыл екі әлем біріншілігіне қатысып үлгерді. Оның айтуынша, Ливерпульдегі дода деңгейі бұрынғысынан әлдеқайда жоғары болған.
«Наурыздағы Сербиядағы турнирде қатысушы елдер саны аз болды. Ал бұл чемпионатты World Boxing жоғары деңгейде ұйымдастырды. Күшті қарсыластар көп жиналды, бәсекелестік өте жоғары болды», – дейді спортшы.
Әбікеева жарыс кезінде жанкүйерлердің қолдауын ерекше сезінгенін айтты. Әсіресе әлеуметтік желілерде жазылған хаттар мен тілектер оған күш берген.
«Бізді қолдау үшін 150-ден астам жанкүйер арнайы Ливерпульге келді. Олар жарыстың басынан соңына дейін қасымызда болды. Сол қолдау бізге сенім мен рух берді», – дейді ол.
Ширек финалда Аида Түркияның атақты спортшысы, Олимпиада чемпионы Бусеназ Сюрменелимен кездесті. Бұл оның мансабындағы ең қиын айқастардың бірі болған.
«Ол – өте тәжірибелі әрі физикалық тұрғыда мықты қарсылас. Үш ай бұрын Астанада өткен әлем кубогында мен оған есе жіберген едім. Сол кезде өзіме “Келесі жолы міндетті түрде жеңемін” деп уәде бердім. Біз жаттықтырушылармен бірге арнайы дайындалып, сол мақсатқа жеттік», – деді Әбікеева.
Финалда жеңіске жеткен сәт Аида үшін өміріндегі ең әсерлі мезет болды.
«Қолымды көтеріп, көк туды көкке көтерген сәтті ешқашан ұмытпаймын. Қазақстанның Әнұраны шырқалғанда, көзіме жас келді. Бұл — әр спортшы армандайтын ең ұлы сәт», – дейді ол.
Болашақ жоспарлар да айқын:
«Алдағы үш жылда бар күшімізді Олимпиадаға бағыттаймыз. Физикалық және тактикалық тұрғыда дайындық толық деңгейде жүреді. Басты мақсат – жеңіс пен көк туды көтеру!» – деп түйіндеді чемпион.