Дубайда (БАӘ) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) әлем чемпионатында жартылай финал жекпе-жектері өтті. Қазақстан құрамасының алты боксшысы ақырғы сын жолдамасын сарапқа салды.
48 кг. Теміртас Жүсіпов — Эдмонд Худоян (Ресей) — 0:5
Ең жеңіл салмақта рингке шыққан Теміртас Жүсіпов финал жолдамасы үшін ресейлік Эдмонд Худоянмен жұдырықтасты. Тәжірибелі қазақстандық боксшы тактикалық тұрғыдан күрделі айқас өткізгенімен қазылар шешімі толығымен қарсылас пайдасына шықты — 0:5.
Осылайша Жүсіпов әлем чемпионатының жартылай финалында тоқтап, қола жүлдені қоржынға салды.
54 кг. Сәкен Бибосынов — Тапа Чандра Бахадур (Непал) — 5:0
Олимпиадалық циклдің көшбасшыларының бірі Сәкен Бибосынов жартылай финалда Непал елінің өкілі Тапа Чандра Бахадурға қарсы шықты.
Сәкен жекпе-жекті толық бақылауда ұстап, жылдамдық, қашықтық және тәжірибенің артықшылығын көрсетті. Қазылар алқасы бірауыздан жекпе-жекті 5:0 есебімен қазақстандық боксшының пайдасына жазды.
57 кг. Оразбек Асылқұлов — Андрей Пегливанян (Ресей) — 5:0
57 келіге дейінгі салмақтағы тартысты жұптардың бірі – Оразбек Асылқұлов пен ресейлік Андрей Пегливанян арасындағы айқас болды.
Оразбек бастан-аяқ қарсыласын қыспақта ұстап, жылдам әрі дәл соққыларымен Пегливанянды бірнеше рет тығырыққа тіреп отырды. Тактикалық тұрғыдан сауатты жүргізілген жекпе-жек қазылар шешімінде айқын көрініс тапты. 5:0 Асылқұловтың пайдасына.
63,5 кг. Ертуған Зейнуллинов — Илья Попов (Ресей) — 3:4
63,5 келіде Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнуллинов Ресей боксшысы Илья Поповпен өте шиеленісті жекпе-жек өткізді.
Айқас үш раунд бойы жоғары қарқында өтіп, екі боксшы да бір-біріне қысым көрсетті. Көпшілік үшін жекпе-жектің нәтижесі даулы көрінгенімен қазылардың соңғы шешімі ресейлік спортшының пайдасына шықты — 3:4.
Ертуған финалға өте алмағанымен, жартылай финалға дейінгі жолы мен көрсеткен жекпе-жектері арқылы жанкүйерлердің құрметін иеленді.
71 кг. Абылайхан Жүсіпов — Ихтияр Нишонов (Қырғызстан) — 5:0
71 келі салмақ дәрежесінде үш мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов Қырғызстан өкілі Ихтияр Нишоновпен қолғап түйістірді.
Қарағандылық боксшы рингте толық басымдыққа ие болып, қарсыласын жүйелі түрде қыспақта ұстады. Қазылар жекпе-жекті тағы да бірауыздан 5:0 есебімен Абылайханның пайдасына берді.
Осылайша Жүсіпов алғаш рет әлем чемпионатының финалына шығып, үш қола жүлдеден кейін алтынға ұмтылуға нақты мүмкіндік алды.
75 кг. Сабыржан Аққалықов — Фазлиддин Эркинбоев (Өзбекстан) — жеңіс қарсыластың бас тартуымен
75 келіде қазақстандық жас жұлдыз Сабыржан Аққалықов өзбек боксшысы Фазлиддин Эркинбоевпен жартылай финалға жоспарланған жекпе-жекке шықты.
Алайда өзбек боксшысы белгілі бір себептерге байланысты жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, Сабыржанға техникалық жеңіс тіркелді. Осы «сыйлықтың» арқасында Аққалықов соққы алмастан-ақ финалға жолдама алды.
Бұл нәтиже Сабыржанға күш-жігерін үнемдеп, алтын үшін өтетін шешуші айқасқа тың шығуға мүмкіндік береді.