Жақында жекпе-жек пе? Шавкат Рахмонов командасы жұмбақ жазба жариялады
Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың командасы әлеуметтік желіде жазба жариялап, аралас жекпе-жек жанкүйерлерін елең еткізіп қойды.
Instagram желісіндегі Darteaм парақшасында Рахмоновтың жарқын сәттері мен оның ықтимал болашақ қарсыласы — UFC жартылай орта салмағындағы рейтингтің 10-орнында тұрған Хоакин Баклидің айқастарынан құралған видеоколлаж жарияланды.
Бұған дейін америкалық файтер Бакли қазақстандық спортшыны ашық түрде жекпе-жекке шақырған болатын.
Видеоға қоса жарияланған жазбада команда болашақтағы мүмкін айқасқа астарлы түрде сілтеме жасады:
«Бірдеңе болып жатқан сияқты ғой, ә? » — делінген жазбада.
Спортшылардың соңғы жекпе-жектері
- Шавкат Рахмонов соңғы рет октагонға былтыр желтоқсанда шыққан. Ол ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен сенімді түрде жеңді.
- Хоакин Бакли өзінің соңғы кездесуінде, 15 маусымда, UFC-дің бұрынғы чемпионы Камару Усманнан жеңіліп қалған.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов бұған дейін бірнеше рет ашық түрде — UFC кіммен жекпе-жек берсе де, шығуға дайынмын деп мәлімдеген.