"5 мың долларды бір-ақ күнде кім төлеп берді?" — Дамир Ысмағұловтың операциясына қатысты күтпеген оқиға

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық ММА файтері Дамир Ысмағұлов Мәскеудегі ACBJJ20 турнирінде алған ауыр жарақатынан кейінгі қалпына келу процесі туралы кеңінен әңгімеледі. 

"5 мың долларды бір-ақ күнде кім төлеп берді?" — Дамир Ысмағұловтың операциясына қатысты күтпеген оқиға
Instagram/@ismagulov_damir

"Оңалту әрдайым қиын өтеді" 

Ысмағұловтың айтуынша, қазір ол пассивті реабилитация кезеңінде. Яғни жүктемесіз, аппарат арқылы ем-дом жасалып жатыр. Солардың бірі – Game Ready аппараты.

Спортшы үй жағдайында ем қабылдауға мүмкіндік барын атап өтті:

"Оңалту ауыр жүріп жатыр, әдеттегідей. Қазір пассивті реабилитация кезеңі – Game Ready аппаратымен жұмыс. Үйде керектің бәрі бар. Маған операция Мәскеуде, “Кураре” клиникасында жасалды. Бұл – ең мықты клиникалардың бірі. Футбол клубында дәл осындай жарақаттармен жұмыс істейтін терапевт-реабилитолог досым сол жерге жіберді. Футболшыларда мұндай жарақат жиі кездеседі", – деді Дамир.

Мәскеудегі операция және келесі кезең

Файтердің сөзінше, операция сәтті өткен. Қазір ол үйінде оңалту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал жақын арада қайтадан Мәскеуге ұшып, балдақтан бас тартып, өздігінен жүруге көшу кезеңін бастамақ.

"Жақында Мәскеуге қайта барамын. Балдақтан жүріс-тұрысқа көшу міндетті түрде операция жасаған дәрігердің бақылауында болуы керек. Жарақат – спортшы өмірінің ажырамас бөлігі, оны көтеру әрдайым қиын", – дейді ол.

"Екінші не үшінші рет қайта жүріп үйренгелі отырмын" 

Ысмағұлов бұл жағдайды бұрын да бастан өткергенін жасырмады. Сондықтан алда не күтіп тұрғанын білгендіктен, психологиялық тұрғыда ауырлау екенін айтады.

"Бұл кезең қиын. Бұған дейін де өткенмін. Екінші немесе үшінші рет қайта жүріп үйренуіме тура келеді. Алда өте ауыр болатынын түсінемін. Кейде алда не күтіп тұрғанын білмесең, жеңілірек сияқты. Бірақ мен мұны бірнеше рет бастан өткердім, бәрін білемін. Сол қынжылтады. Дегенмен біз темірден жаралғанбыз. Жұмыс істейміз! Жарақаттан ешкім сақтандырылмаған", – деді спортшы.

Операцияны досы төлеп берген

Дамир Ысмағұлов жанкүйерлер мен таныстарынан қолдау көп болғанын айтты. Тіпті бәріне жауап беруге уақыт жетпей жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар ол ерекше бір оқиғаны бөлісті: операция құны 5 мың доллар болған. Спортшы бұл соманы өзі төлеуге мүмкіндігі барын айтқанымен күтпеген жерден бір ағасы (досы) операция ақысын толық төлеп берген.

"Операция 5 мың доллар тұрды. Құдайға шүкір, өзім төлей алатын мүмкіндігім болды. Бірақ күтпедім. Бір бауырым жазды – басқа елде тұрады, көптен көріспегенбіз. Қолдау білдіріп, қандай көмек керек екенін сұрады. “Ештеңе керек емес” дедім. Ертеңіне қоңырау шалып, операцияны төлеп қойғанын айтты – 5 мың доллар. Ондай бауырлар ауа сияқты: көрінбейді, бірақ әрдайым керек. Бұл – өте бағалы нәрсе. Адамның бүтін өмірі бар, ал дәл осындай сәт есте қалады", – деді Ысмағұлов.

Алда — ұзақ оңалту және мол шығын

Файтер алдағы уақытта реабилитацияның ұзаққа созылатынын және қаржылық шығын да аз болмайтынын жасырмады. Дегенмен нақты жоспары бар:

"Алда реабилитация және мол қаржы шығыны күтіп тұр. Қиын сәттер көп болады. Реабилитолог досым “кел, аяғыңнан тұрғызамын” деді. Ол футбол клубында жұмыс істейді. Қысқасы, жоспар бар. Жұмыс істеп жатырмыз. Бар назарым – оңалтуда. Жарақат ауыр, бірақ толық жазылып кетуге болады", – деп түйіндеді Дамир.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір