Қазақстан таэквондо федерациясының вице-президенті Сұлтан Қасымов жастар құрамасының аға бапкері Нұрболат Жаңбыровтың қызметтен кетуіне қатысты жағдайға түсініктеме берді.
Сұлтан Қасымовтың айтуынша, Нұрболат Жаңбыров өзінің жеке өтініші негізінде Қазақстан таэквондо федерациясының ұсынуымен ҚР күрес түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығымен жасалған келісімшартын бұзған.
Қазір Қасымов жасөспірімдер мен жастар құрамалары дәл осы Олимпиадалық даярлау орталығының қарамағында екенін атап өтті.
Сонымен бірге федерация тарапы әлем және Азия чемпионаттарындағы нәтижелерге сәйкес құрама бапкерлеріне, спортшыларға тиесілі сыйақылар толық төленгенін мәлімдеді.
"Бапкерлер құрамын ауыстыру процесінде Федерация тарапынан заң бұзушылық немесе құқықтық нормаларға қайшы әрекет болған жоқ", – деді Қасымов.
Вице-президенттің сөзінше, жасөспірімдер және жастар құрамаларына бапкерлер рейтинг жүйесі арқылы бекітілген.
Жастар санатында рейтингтің үздік үштігі ішінен аға бапкер қызметіне павлодарлық маман шақырылған.
Федерация ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстанып, 2025 жылғы ақпанда бапкерлердің ашық рейтингін қалыптастыруды бастаған.
Қасымов Нұрболат Жаңбыровтың еңбегін жоққа шығармайтынын айтты. Бірақ нәтиже тек бір адамның жұмысына тірелмейтінін де ескертті:
"Спортшыларды жеке бапкерлері, өңірлердегі жаттықтырушылар, мектептер мен клубтардағы мамандар тәрбиелейді. Жеңіс – тек үйлесімді командалық жұмыстың нәтижесінде келеді", – деді ол.
Федерация биыл спортшыларды заманауи спорттық құрал-жабдықтармен, электронды жүйелермен, спорттық киіммен, медициналық мамандармен толық қамтамасыз еткенін де атап өтті.
Мәлімдемеде федерация өкілдері келісімшарты аяқталған бапкерлердің жұмысқа орналасуына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармалары арқылы көмектесе алатыны да айтылды.
"Біздің спорт түрі бапкерлер мен спортшылардың арқасында дамиды", – деп түйіндеді Қасымов.
Еске салайық, бұған дейін Нұрболат Жаңбыров команда жақсы нәтиже көрсеткеніне қарамастан жыл басында еш түсіндірмесіз қызметтен алынғанын айтып, бұл жағдайдың қоғамдық резонанс тудырғанын жеткізге.