Отандасымыздың алдағы айқасы 9 мамыр күні Ташкентте өтеді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев алдағы маңызды жекпе-жекке дайындықтың қызу жүріп жатқанын айтты. Ол әлеуметтік желіде жаттығу барысынан видео жариялап, жанкүйерлеріне үндеу жасады.
Бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық спортшы 9 мамыр күні Ташкентте (Өзбекстан) шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы — тәжірибелі әрі ауыр соққыларымен танымал өзбекстандық боксшы Шохжахон Эргашев (26-2, 23 KO).
Жекпе-жек Өзбекстан астанасындағы ең ірі спорт кешендерінің бірі — "Humo Arena" аренасында өтеді.
Қазақстандық боксшы Instagram парақшасында жаттығу сәтінен видео жариялап, дайындық барысы туралы айтты.
"Ассаламағалейкум! Залдамыз. Жай-жай еңбек етіп жатырмыз, шүкір. Жекпе-жек жақындап жатыр. Дайындығымыз қызып жатыр", — деді Батыр Жүкембаев.
Батыр Жүкембаев соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде Астанада рингке шықты. Сол кездесуде отандасымыз британдық Кейн Гарднерді (18-5, 7 KO) төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді.
Ал оның алдағы қарсыласы Шохжахон Эргашев соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 4 қаңтарында Самарқандта өткізіп, үндістандық Гурприт Сингхті* (7-2, 3 KO) бірінші раундта нокдаунға жіберіп жеңіске жетті.