"Әуелі белбеу, сосын жалаң жұдырық": Марсель Тоқтарға ультиматум жасады

Сарапшы, спорт журналисі

Қырғызстандық ММА файтері Марсель Нұрланбек Еркебұлан Тоқтарға реванш пен трилогия өткізу үшін нақты талаптарын айтты.

"Әуелі белбеу, сосын жалаң жұдырық": Марсель Тоқтарға ультиматум жасады
instagram/@hype.fighting.asia

Реваншқа өз шартын қойды

Қырғыз файтері әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасап, Еркебұлан Тоқтардың реванш сұрағанын растады. Оның айтуынша, егер екінші жекпе-жек өтетін болса, ол міндетті түрде ММА форматында және BMF белбеуі үшін ұйымдастырылуы керек.

Марсельдің сөзінше, ол бұған дейін Тоқтарды жеңген және қарсыласының ережесімен, оның алаңында айқасуға келіскен.

“Егер реванш болса — ол ММА-да, BMF белбеуі үшін өтеді. Бұл жанкүйерлер үшін әлдеқайда қызық”, — деді ол.

Үшінші жекпе-жек — жалаң жұдырықта

Марсель Нұрланбек ықтимал трилогия жоспарын да ашық айтты. Оның ұсынысына сәйкес:

  • Алдымен ММА бойынша титулдық жекпе-жек өтеді (77 кг)
  • Егер Тоқтар өзін жақсы көрсетсе
  • Үшінші айқас жалаң жұдырықпен (bare knuckle) ұйымдастырылады

Осылайша файтер үш жекпе-жектен тұратын толыққанды текетірес өткізуді ұсынды.

Марсель алдыңғы жекпе-жекті де еске алып, жалаң жұдырықтағы кездесуде Еркебұланның бірде-бір раундта басымдық көрсете алмағанын атап өтті. Сонымен қатар қарсыласының қазіргі жағдайына да пікір білдіріп, эмоционалды күйде жүргенін меңзеді.

Соңғы жекпе-жек қалай аяқталды?

Еске салайық, Еркебұлан Тоқтар мен Марсель арасындағы жекпе-жек 27 наурыз күні Ереванда өткен Hype FC турнирінде өтті. Бұл кездесу бокс ережесіне жақын форматта, бірақ ММА қолғаптарымен ұйымдастырылды. Нәтижесінде төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіс қырғызстандық спортшыға берілді. Осы жеңіс арқылы Марсель Еркебұлан Тоқтардың жеті жекпе-жектен тұратын жеңісті сериясын тоқтатты.