Әліби Ыдырыс UFC-дегі топ қарсыласпен айқасудан бас тартты

Бас редактор

Спортшы мұндай қадамға не себепті барғанын түсіндірді. 

Әліби Ыдырыс UFC-дегі топ қарсыласпен айқасудан бас тартты
Sports24.kz

Қазақстандық UFC файтері Әліби Ыдырыс уақытша дисквалификациясы мен алдағы жоспары туралы пікір білдірді. Сонымен қатар ол UFC рейтингінде жетінші орында тұрған ирактық файтер Амир Альбазимен джиу-джитсу форматындағы белдесуден неге бас тартқанын айтты. Бұл туралы ол Namys Fighting YouTube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. 

Ыдырыс дисквалификация жайлы

Әліби Ыдырыс UFC антидопинг ережесін бұзғаны үшін алған жазасына қатысты пікір білдіріп, бұл жағдайдың білместіктен болғанын айтты.

"Бұл, әрине, менің қателігім. Мойындаймын — білместіктен болды. Кейін жекпе-жектен соң толық допинг-анализ алды, "таза спорт үшін рақмет" деп жазды. Бірақ бәрібір уақытша шеттетті", — деді Ыдырыс.

Еске салайық, 2026 жылдың сәуір айының басында Әліби Ыдырыс UFC антидопинг ережесін бұзғаны үшін бір жылға дисквалификацияланған еді. Оның сынамасынан гидрохлоротиазид табылды. Бұл — диуретик, яғни несеп айдайтын препарат. Мұндай зат UFC антидопинг бағдарламасында тыйым салынған, себебі ол салмақ қууға немесе басқа заттарды жасыруға қолданылуы мүмкін.

Дисквалификация мерзімі сынама алынған күннен, яғни 2026 жылдың 21 ақпанынан бастап есептеледі. Сондықтан қазақстандық файтер октагонға ең ерте дегенде 2027 жылдың ақпанында орала алады.

"UFC-мен жеті жекпе-жекке келісімшартымыз бар"

Ыдырыстың айтуынша, ол қазір келесі жекпе-жегіне дайындықты бастап кеткен. 

"Келесі жекпе-жекке дайындықты бастап жатырмыз. Шамамен жылдың басында, сегіз айдай қалды. Қазір жаттығып жүрміз, Асуға көмектесіп, бірге жиын өткізіп жатырмыз", — деді ол.

"Жалпы UFC-мен жеті жекпе-жекке, үш жылға келісімшартымыз бар. Сондықтан қазір басқа жерде төбелесуге болмайды. Барлығын UFC арқылы келісіп, әрі қарай өнер көрсетеміз", — деді Ыдырыс.

Амир Альбазимен белдесуден неге бас тартты?

Әліби Ыдырыс дисквалификация кезінде спорттық формасын жоғалтпау үшін грэпплинг немесе күрес форматындағы кездесулерге шығуды қарастырып жүргенін айтты. Оның менеджері дәл осындай белдесулер іздеп жатыр.

Спортшыға UFC-дің аса жеңіл салмақ рейтингінде жетінші орында тұрған Амир Альбазимен джиу-джитсу форматында күресу ұсынылған.

"Маған Амир Альбазимен белдесу туралы ұсыныс түсті. Мен бас тарттым. Дәлірек айтсам, біз келісімшартқа қол қойған едік. Кейін UFC маған бір жарым айдан кейін жекпе-жек берді. Сосын UFC тәуекелге бармай, бұл белдесуден бас тартқан дұрыс деді", — деді Ыдырыс.