Бокстан Өзбекстан құрамасы Қазақстанға келді (ВИДЕО)
Көрші елдің ұлттық командасы Шымкенттегі халықаралық бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысады.
Өзбек боксшылары Шымкентте дайындалады
Өзбекстан бокс федерациясының мәліметінше, команда Қазақстанға арнайы оқу-жаттығу жиынына жолға шыққан. Федерацияның Instagram парақшасында бапкерлер мен боксшылардың автобусқа отырған сәті көрсетілген видео жарияланды.
Бейнежазбадан ұлттық құраманың жетекші спортшылары — Джахонгир Зокиров, Фазлиддин Эркинбоев, Жавохир Умматалиев және басқа да боксшыларды көруге болады.
Жиын 1-12 маусым аралығында өтеді
Халықаралық бірлескен оқу-жаттығу жиыны 1-12 маусым күндері Шымкентте ұйымдастырылады. Өзбекстан құрамасы бұл дайындық кезеңіне бас бапкер Тулкин Киличевтің жетекшілігімен қатысады.
Федерация мәліметінше, ұлттық команда көрші елге әлем кубогы алдындағы маңызды жаттығу жұмыстарына қатысу үшін аттанған.
Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары дайындықтың алғашқы кезеңін Өзбекстандағы Янгиабад спорт базасында өткізген. Ол оқу-жаттығу жиыны 25 мамырда аяқталды.
Ал Шымкенттегі жиын екі құраманың әлем кубогы алдындағы екінші әрі қорытынды дайындық кезеңі болмақ.
Әлем кубогы Қытайда өтеді
World Boxing ұйымы аясындағы әлем кубогы 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында өтеді.
Бұл турнир халықаралық серияның екінші кезеңі саналады. Ал алғашқы кезең сәуір айында Бразилияда ұйымдастырылды.
Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары әлемдік дода алдында бірлескен спаррингтер мен тактикалық дайындық арқылы боксшылардың бабын пысықтайды.