"Артқа шегінбе, бауырым!": Марсель Қазақстанның әлем чемпионын ашық айқасқа шақырды (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Қырғызстандық ММА файтері Марсель Нурланбек уулу қазақстандық титулды балуан Нұржан Асанға ашық үндеу жасап, оны еркін күрес ережесі бойынша белдесуге шақырды.

"Артқа шегінбе, бауырым!": Марсель Қазақстанның әлем чемпионын ашық айқасқа шақырды (ВИДЕО)
instagram/@marsel_mma

Асанға үндеу жасады

Қырғызстандық ММА өкілі Марсель Нурланбек уулу әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның танымал балуаны Нұржан Асанға челлендж тастады.

Файтердің айтуынша, Нұржан Асанды бұрыннан таниды және екеуі бұған дейін аздап сөйлескен. Марсель грек-рим күресінің өкілі болғанымен қазақстандықпен еркін күрес ережесі бойынша белдесуге дайын екенін айтты.

"Ассалаумағалейкум, қырғыз халқы және қазақ бауырлар! Әлі тек грек-рим күресінің балуандары ғана челлендж тастамаған еді. Мен Нұржан Асанды бұрыннан білемін, кезінде аздап араласқанбыз.

Нұржан Асан, егер шын мәнінде рухың болса, еркін күрестен белдесейік. Мен өзім еркін күрестің маманы емеспін, грек-рим күресінің өкілімін. Бірақ сенімен еркін стильде шығуға дайынмын. Қай салмақты айтасың? Білуімше, сен шамамен 80 келі маңайындасың. Менің қазіргі жұмыс салмағым 72 келі, бірақ сенің салмағыңа қарап тұрған жоқпын, қажет болса 77 келіге дейін көтеріле аламын", — деді Марсель.»

Кез келген лигада күресуге дайын

Марсель Нурланбек уулу Нұржан Асанға белдесуді ұйымдастыру үшін спорттық лигаларға ұсыныс айтуға шақырды. Оның сөзінше, кездесу кез келген промоушен аясында өтуі мүмкін.

"Нұржан Асан, лигаларға айт, еркін күрестен белдесу ұйымдастырсын. Қай лига болса да дайынмын. Мүмкін, сенің таныстарың арқылы да өткізуге болатын шығар.

Қырғыз халқына айтарым: Нұржан Асан — осал жігіт емес. Ол грек-рим күресінен Азия чемпионы және әлем чемпионы. Қазақстан атынан бірнеше рет жеңіске жеткен мықты спортшы. Сондықтан, Нұржан Асан, кеттік! Ең бастысы — артқа шегінбе, бауырым!" — деп жазды қырғыз файтері.

Нұржан Асан кім?

Нұржан Асан — есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстанның ең титулды балуандарының бірі.

Оның басты жетістігі — 2023 жылы Бішкектегі әлем чемпионатындағы алтын медаль. Сол жарыста грек-рим күресінен Қазақстан тарихындағы алғашқы сурдлимпиадалық әлем чемпионы атанды.

Сонымен қатар оның еншісінде 2022 жылғы Бразилиядағы XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдесі және сурдлимпиадашылар арасындағы Азия ойындарының екі алтын медалі бар. Ол Бішкек-2023 және Малайзия-2024 додаларында чемпион атанған.