Елдос Сметов Гран-придегі басты қарсыластарын білді
Қытайдың Циндао қаласындағы Гран-при кезеңі 26-28 маусым аралығында өтеді.
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Қытайда өтетін Гран-при турнирінде өнер көрсетеді. Жуырда қазақстандық дзюдошының қарсыластары белгілі болды.
Judo News Online мәліметінше, Сметов үшін Циндаодағы басты оппоненттер қатарында Франция өкілі Ромен Валадье-Пикар мен израильдік Ицхак Ашпиц бар.
Сметов екі жылдық үзілістен кейін оралады
Циндаодағы Гран-при Елдос Сметов үшін Париж-2024 Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми халықаралық жарыс болады.
"Олимпиада чемпионы 2024 жылғы Париж ойындарынан кейін екі жылдық үзілістен соң Қытайдағы Гран-приге оралады. Оның ең мықты қарсыластары әзірге Валадье-Пикар мен Ицхак Ашпиц", — деп жазды дереккөз.
Ромен Валадье-Пикар — Франция құрамасының 60 келіге дейінгі салмақтағы жетекші дзюдошыларының бірі.
Ол 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2023 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері. Сондықтан француз спортшысы Сметов үшін турнирдегі ең қауіпті қарсыластардың бірі болуы мүмкін.
Израильдік жас талант та қауіп төндіреді
Ицхак Ашпиц — Израиль дзюдосының болашағы зор өкілдерінің бірі. Небәрі 18 жастағы спортшы 2028 жылғы Олимпиадаға дейін ұлттық құраманың негізгі үміті ретінде қарастырылып жүр.
Оның басты жетістіктері қатарында "Үлкен дулыға" турниріндегі алтын медаль, 2026 жылы Тбилисиде өткен ересектер арасындағы Еуропа чемпионатының қола жүлдесі және 2023 жылғы кадеттер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңісі бар.