Шавкат Рахмонов жаттығу залына қайта оралды (ВИДЕО)
Бұл туралы спортшы дайындалатын Dar Team командасы хабарлады.
Рахмонов октагонға дайындықты бастады
Команданың Instagram парақшасында Шавкаттың UFC-дегі бұрынғы жекпе-жектерінен жинақталған бейнеролик жарияланды. Видео сипаттамасында: "Шавкат Рахмонов қайтадан залда!" деген жазба қалдырылған.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы кездесуін 2024 жылдың желтоқсан айының соңында өткізген. Ол Лас-Вегаста ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыз шешімімен жеңді.
Осы кездесуден кейін "Номад" тізесіне операция жасатып, ұзақ уақыт қалпына келу кезеңінен өтті. Денсаулығына байланысты үзіліс ұзаққа созылғандықтан UFC оны жартылай орта салмақ дивизионының рейтингінен алып тастаған еді.
Титулдық жарысқа қайта қосыла ма?
Бұған дейін Шавкат Рахмонов UFC рейтингінде үздік үштіктің қатарында болып, чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің бірі саналған. Енді оның жаттығуға қайта оралуы жанкүйерлер арасында қазақстандық файтердің октагондағы келесі жекпе-жегіне қатысты қызығушылықты арттырды.
Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы мен жекпе-жек күні әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.