Елдос Сметов жанкүйерлер күткен шешім қабылдады (ВИДЕО)
Париж Олимпиадасының чемпионы ресми жарыстарға қайта оралуға дайындықты бастап кетті.
Олимпиада чемпионы жаттығуға кірісті
Елдос Сметов өзінің Instagram парақшасында жаттығу залындағы видеосын жариялады. Бейнежазбада Париж Олимпиадасының алтын жүлдегері оқу-жаттығу белдесулеріне қатысып, дзюдо әдістерін пысықтап жатқан сәттері көрсетілген.
Спортшы алдағы турнирлерге дайындық басталғанын қысқаша хабарлады.
"Ассалаумағалейкум, Қазақстан халқы! Бүгін алдағы жарыстарға дайындықты бастадық", — деп жазды Елдос Сметов сторисінде.
Циндаодағы Гран-при турниріне қатысуы мүмкін
Бұған дейін Халықаралық дзюдо федерациясы қазақстандық спортшының Қытайдың Циндао қаласында өтетін Гран-при кезеңіне өтінімін растаған еді.
Елдос Сметов аталған жарыста 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуі ықтимал. Турнир биыл 26–28 маусым аралығында өтеді.
Бұл жарыс Сметов үшін екі жылдық үзілістен және 2024 жылғы Париж Олимпиадасындағы тарихи жеңісінен кейінгі алғашқы ресми халықаралық старт болмақ.