Геннадий Головкин ең ұлы боксшылардың бірі ретінде аталды
Отандасымыз соңғы жекпе-жегін 2022 жылы өткізген болатын.
Қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкиннің рингтегі мұрасы шетелдік жанкүйерлер арасында әлі де жоғары бағаланып келеді. X әлеуметтік желісіндегі BoxingEnthusiast аккаунты GGG-дің жекпе-жектерін еске алып, оны орта салмақтағы ең ұлы боксшылардың бірі деп атады.
Ресурс Головкиннің америкалық Дэниэл Джейкобспен өткізген айқасынан үзінді жариялап, қазақстандық боксшының өз дәуіріндегі орнын ерекше атап өтті.
"GGG жекпе-жектерін көру өте қызық еді. Ол — бокс тарихындағы ең ұлы орта салмақ өкілдерінің бірі!" — деп жазды аккаунт.
Джейкобс пен GGG жекпе-жегі
Геннадий Головкин мен Дэниэл Джейкобс арасындағы жекпе-жек қазақстандық боксшының мансабындағы ең күрделі кездесулердің бірі ретінде есте қалды.
Бұл айқаста Головкин қарсыласының шеберлігіне қарамастан, өзінің чемпиондық деңгейін көрсетіп, орта салмақтағы басты тұлғалардың бірі екенін дәлелдеген еді.
Айта кетейік, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 2022 жылы өткізді. Содан бері ол кәсіпқой рингке шыққан жоқ. Дегенмен GGG кәсіби мансабын аяқтағаны туралы ресми түрде мәлімдеме жасаған жоқ. Қазіргі уақытта ол Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті және World Boxing ұйымының басшысы қызметін атқарып жүр.