Азиадаға бармайтын Жүсіпов мансабына қатысты шешімін айтты
IBA әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарына арналған өтініміне енбей қалуына қатысты пікір білдірді.
Ел намысын Төрехан Сабырхан қорғайды
Бокстан Қазақстан құрамасы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарына қатысатындардың тізімін жариялады.
Ерлер құрамасының қорытынды өтінімі жанкүйерлер арасында қызу талқы тудырды. Соның ішінде 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіповтің орнына "қазақ боксының алтын баласы" атанған Төрехан Сабырханға мүмкіндік берілді.
Айта кетейік, 29 жастағы қарағандылық боксшы 2025 жылғы әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін биыл бірде-бір жекпе-жекте жеңілген жоқ.
Жүсіпов федерация шешіміне құрметпен қарайды
Абылайхан Жүсіпов Sportarena.kz басылымына берген сұхбатында Азия ойындарына қатыспайтынына байланысты команда басшылығының шешіміне түсіністікпен қарайтынын айтты.
"Құрам жарияланды. Бұл – Бокс федерациясы мен команда басшылығының шешімі. Оған қатысты нақты пікір айта алмаймын: қандай шешім қабылданса, солай болады. Ең бастысы – құраманың жақсы нәтиже көрсетуі. Біздің міндетіміз – рингке шығып, жұдырықтасу. Ал жарысқа кімді жіберетінін басшылық анықтайды, біз оған араласа бермейміз", – деді Абылайхан Жүсіпов.
Лос-Анджелес Олимпиадасы – соңғы мүмкіндік
Әлем чемпионы алдағы уақытта қандай жарыстарға қатысатыны әзірге белгісіз екенін де жасырмады. Сонымен бірге 2028 жылғы Олимпиадаға дейінгі кезең оның әуесқой бокстағы соңғы олимпиадалық циклі болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Келесі жарыстарым туралы нақты ақпарат жоқ. Дайындығымызды жалғастыра береміз. Бұл менің соңғы олимпиадалық циклім деп ойлаймын. Осы кезеңді соңына дейін өткізу керек, әрі қарай жағдайға қарай шешім қабылдаймыз", – деді боксшы.
2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді. Абылайхан Жүсіпов пен Төрехан Сабырхан сынға түсетін 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасына енгізілген.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.