Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Еркін күрес шебері Мерей Базарбаев әлем чемпионы атанды

Мерей Базарбаев Лас-Вегаста 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.

Еркін күрес шебері Мерей Базарбаев әлем чемпионы атанды
sportarena.kz

Әлем чемпионын жеңіп, сенсация жасады

Мерей Базарбаев әлем біріншілігін сенімді бастады. Ол 1/8 финалда жарыстың басты фавориттерінің бірі, америкалық әрі әлемнің қазіргі чемпионы Люк Лилледальмен белдесті. Тартысты өткен кездесуде қазақстандық балуан 3:1 есебімен басым түсіп, турнирдегі алғашқы ірі сенсациялардың бірін жасады.

Ал ширек финалда Франция атынан өнер көрсететін Расул Гальбураевты 13:2 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Жартылай финалда жапониялық Дайто Кацумені 5:0 есебімен ұтып, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.

Финалда түркиялық балуанға мүмкіндік бермеді

Базарбаев ақтық белдесуде түркиялық Бекир Кесермен кездесті. Қазақстандық еркін күрес шебері алғашқы минуттардан-ақ басымдықты өз қолына алып, есепте 5:0 нәтижесімен алға шықты.

Көп ұзамай отандасымыз қарсыласының жауырынын кілемге тигізіп, таза жеңіске жетті. Осылайша Мерей Базарбаев U-23 санатындағы әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленді.

Айта кетейік, бұл қазақстандық балуанның әлемдік деңгейдегі алғашқы табысы емес. Ол 2022 жылы 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған. 

Ұлтық құрама үшін бұл турнирдегі үшінші "алтын" болды. Бұған дейін грек-рим күресінің өкілдері Айбек Айтбеков (60 кг) пен Юсуф Ашрапов (72 кг) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген. 

Бұл туралы не ойлайсыз?