Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті
Қазақстандық боксшы Зарина Толыбай Черногорияда 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Түркиялық боксшыны 5:0 есебімен жеңді
80 келіден жоғары салмақ дәрежесінің жартылай финалында Зарина Толыбай Түркия құрамасының өкілі Мирей Догрумен кездесті. Қазақ қызы жекпе-жектің алғашқы секундтарынан-ақ белсенділік танытып, қарсыласына өз мәнерінде жұдырықтасуға мүмкіндік бермеді.
Бірінші раундта Заринаның соққыларынан кейін төреші түркиялық боксшыға нокдаун тіркеді. Кездесудің қалған бөлігінде де Толыбай басымдықты сақтап, үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша әлем чемпионатының финалына шығып, елге кем дегенде күміс медальмен оралады.
Қазақстанның екінші финалисі
Зарина Толыбайдың жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының Будвадағы әлем біріншілігінде алтын медаль үшін таласатын боксшылардың саны екіге жетті.
Бұған дейін 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Бейбарыс Әшірбай финалға жолдама алған. 2026 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы жартылай финалда өзбекстандық Зульфикор Адхамджоновты жеңіп кетті. Финалдық жекпе-жектер 27 қазанда өтеді.