Төрт қазақстандық боксшы әлем чемпионатының финалына шықты
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының төрт өкілі финалға жолдама алды.
Төрт боксшы алтын медаль үшін таласады
25 қазанда өткен жартылай финалдық кездесулерде Қазақстан атынан сегіз боксшы рингке көтерілді. Олардың төртеуі жеңіске жетіп, әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігін сақтап қалды.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бейбарыс Әшірбай өзбекстандық Зұлфикор Адхамжоновпен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілер шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті.
80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай түркиялық Мирей Догруға еш мүмкіндік қалдырмады. Қазақстандық боксшы бес төрешінің де қолдауына ие болды.
Қыздар арасындағы 57 келіге дейінгі салмақта Алина Құдайгенова қытайлық Яруо Чжэнмен жұдырықтасты. Тартысқа толы кездесудің қорытындысында отандасымыз 3:2 есебімен жеңіске жетіп, финалға өтті.
Ал 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Владислав Саможонов Әзербайжан намысын қорғайтын Сафдар Маммадзаданы 5:0 есебімен сенімді жеңді. Осылайша қазақстандық аса ауыр салмақтағы боксшы да алтын медаль үшін сынға түсетін болды.
Төртеуі қола жүлдені қанағат тұтты
Жартылай финалда Қазақстан құрамасының тағы төрт өкілі қарсыластарына есе жіберіп, әлем чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.
Данияр Ақбисенов (60 келі) аргентиналық Эдгардо Николас Перальтадан 0:3 есебімен жеңілді. Индира Қыдырмолдаева (60 келі) қытайлық Шаша Вангқа 1:3 есебімен жол берді. Мадира Жұмахан (51 келі) – өзбекстандық Назокат Мардоновадан 0:5 есебімен ұтылса, Еркетаң Жарқынбек (90 келі) украиналық Владислав Науменкодан 1:4 есебімен жеңіліс тапты.
Осы нәтижелерден кейін Қазақстан құрамасының қоржынында кемінде төрт қола медаль бар. Ал финалға шыққан төрт боксшы кемінде күміс жүлдені қамтамасыз етті.
Финалдар қашан өтеді?
World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты 16–27 қазан күндері Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырылып жатыр.
26 қазан – демалыс күні. Ал 27 қазанда шешуші жекпе-жектер өтіп, әлем чемпиондары анықталады.