"Тоттенхэмнің" бұрынғы ойыншысы FIFA президенттігіне таласпақ
Қазіргі ұйым басшысы Джанни Инфантино FIFA-ны 2016 жылдан бері басқарып келеді.
"Тоттенхэмнің" экс-қорғаушысы Рамон Вега FIFA президенті атанбақ.
Sky Sports мәліметінше, 55 жастағы Рамон Вега келесі жылы өтетін FIFA президенті сайлауына қатысуды көздеп отыр.
Президенттікке ресми кандидат болу үшін Вегаға кемінде бес ұлттық футбол қауымдастығының қолдауы қажет.
Қолдау жинаудың соңғы мерзімі – 18 қараша. Вега 2019 жылы да бұл қызметке таласуға тырысқан. Бірақ қажетті қолдауды жинай алмады.
Инфантино сынға ұшырады
Джанни Инфантино өткен жазда әлем чемпионатының бір бөлігін жеке инвесторларға сатуға байланысты бастама көтергеннен кейін сынға ұшырады.
Бұл идея кейін қабылданбады. Соған қарамастан, оның FIFA-дағы жұмысына қатысты пікірталас жалғасып келеді.
Айта кетейік, FIFA президентін сайлау келесі жылдың наурыз айында Мароккода өтеді.
Вега "Тоттенхэмде" бес жыл ойнады
Рамон Вега "Тоттенхэм" сапында 1996-2001 жылдары өнер көрсетті.
Лондондық клубпен бірге ол 1998/99 маусымында Англия Лига кубогын жеңіп алды.
Сонымен қатар, ол Швейцария құрамасында өнер көрсеткен.